Қысқа форматтағы деректі фильмдерде шындықты құрастыру модельдерін The New York Times Op-Docs пен Azattyq материалдары негізінде салыстырмалы талдау
DOI:
https://doi.org/10.47344/sdubss.v59i.001Кілт сөздер:
деректі фильм, фрейминг теориясы, нарративтік журналистика, көпмодальды дискурс талдауы, медиа эпистемология, куәгерлік дәлелАңдатпа
Зерттеу мақаласында қысқа форматтағы деректі фильмдерде әлеуметтік шындықтың қалай құрастырылатыны The New York Times Op-Docs (NYT Op-Docs) және Azattyq платформаларының материалдары негізінде салыстырмалы түрде талданады. Қазіргі медиа кеңістікте деректі фильм фактілерді тіркейтін аудиовизуал жанр аясынан шығып, қоғамдық оқиғаларды іріктеу, құрылымдау және түсіндіру арқылы мағына өндіретін эпистемологиялық медиа формаға айналды. Осы тұрғыдан зерттеудің мақсаты – әртүрлі медиалық платформада деректі фильмдердің әлеуметтік шындықты ұйымдастыру тәсілдерін анықтау және олардың басым эпистемологиялық модельдерін сипаттау. Зерттеудің теориялық негізін фрейминг теориясы, нарративтік журналистика және көпмодальды дискурс талдауы құрайды. Эмпирикалық материал мақсатты іріктеу әдісімен таңдалған он қысқа форматтағы деректі фильмнен тұрады. Зерттеу корпусындағы материалдар 45 нарративтік сегментке бөлініп, нарративтік құрылым, дәлел түрі, визуал режим, институционалдық көріну және аффективтік ұйымдасу категориялары бойынша сапалық контент талдау және көпмодальды талдау әдістері арқылы сарапталды. Зерттеу нәтижелері NYT Op-Docs фильмдерінде нарративтік-аффективтік модельдің, ал Azattyq фильмдерінде дәлелдік-куәгерлік модельдің басым екенін көрсетті. Нарративтік-аффективтік модельде әлеуметтік шындық жеке тәжірибе, кейіпкерлік фокус, эстетикалық визуал және эмоциялық рефлексия арқылы құрастырылады. Дәлелдік-куәгерлік модельде куәлік, айғақ, өңделмеген визуал және институционалдық жауапкершілік негізгі мағына тудырушы элементтер ретінде алдыңғы қатарға шығады. Мақала қысқа форматтағы деректі фильмдерді платформалық медиа логикамен байланыста зерттеудің маңызын негіздеп, деректі фильмнің қоғамдық шындықты ұйымдастырудағы эпистемологиялық қызметін теориялық тұрғыдан нақтылайды.