Instagram желісіндегі соғыс туралы эмоциялық фреймдердің өзгеруі: Ресей–Украина соғысына қатысты пікірлердің бір жылдық салыстырмалы талдауы
DOI:
https://doi.org/10.47344/sdubss.v58i.003Кілт сөздер:
эмоциялық фреймдер, фрейминг теориясы, Ресей-Украина соғысы, әлеуметтік желідегі пікірлерАңдатпа
Бұл зерттеу Ресей–Украина соғысы тақырыбында әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа оқырмандардың қандай бағытта үн қататынын анықтауға бағытталған. Зерттеу нысаны ретінде «Азаттық радиосының» Instagram парақшасында 2022 жылдың ақпаны мен 2023 жылдың наурызы аралығында жарияланған 5000-нан астам пікірге сандық контент-анализ жасалды. Медиабұрмалау көбіне тақырып таңдау мен фрейминг арқылы жүзеге асады (Rodrigo-Ginés және әріптестері, 2023), сондықтан бұл зерттеу Entman (1993) ұсынған фрейминг теориясын аналитикалық негіз ретінде қолданады. Ал Papacharissi (2014) сипаттаған «аффективті публиктер» тұжырымдамасы пікірлердегі эмоционалды реңкті түсіндіруге мүмкіндік береді. Coe, Kenski және Rains (2014) интернеттегі пікірталастардың жиі дөрекі сипат алатынын атап өтсе, бұл зерттеу де аталған парақшадағы пікірлерде ұқсас үрдістердің бар-жоғын тексереді. Зерттеу нәтижесінде пікірлердің басым бөлігі эмоциялық реакция мен саяси поляризация элементтерін қамтитыны, ал конструктивті талқылау сирек кездесетіні анықталды. Сонымен қатар уақыттық динамика тұрғысынан маңызды үрдіс байқалды: 2022 жылғы ерте кезеңде соғысқа қатысты ұстанымдар көбіне гуманитарлық сезімталдықпен және моральдық айыптаумен (соғыстың әділетсіздігі, құрбандар трагедиясы, бейбіт тұрғындарға жанашырлық) күшейсе, 2023 жылы сол позицияның дискурстық өзегі кеңейіп, антиимпериялық және тарихи аргументтермен толыққан. Яғни фрейм үлесі салыстырмалы түрде тұрақты сақталғанымен, бір жыл ішінде оның мазмұны гуманитарлық-эмпатиялық реңктен саяси-тарихи түсіндіруге қарай ығысқанын көреміз. Бұл қорытындылар Raimbekova (2023) мен Shevchenko (2022) еңбектеріндегі ақпараттық тәуекелдер мен идеологиялық жіктелу үрдістерімен үндес.